
Өзбекстандық боксшы 5 сәуірде Астанада жекпе-жек өткізеді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев Баходир Жалоловтың Астанадағы жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.
Өзбекстандық суперауыр салмақтағы танымал боксшы 5 сәуірде Астанада өтетін "Батырлар шайқасы" шоуына қатысады. Әзірге Жалоловтың қарсыласы жарияланған жоқ. Бұл кештің басты оқиғасы WBO және IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен франциялық Анауэль Нгамиссенге арасындағы жекпе-жек болмақ.
Батыр Жүкембаев әлеуметтік желідегі парақшасында турнир постерін жариялап, Жалоловтың Астанада өнер көрсетуін қолдады:
"Қазақстандағы ең үздік бокс кеші! Баходир Жалоловты Астанада көргеніме қуаныштымын!" – деп жазды ол.
Айта кетейік, Батыр Жүкембаев бұл бокс кешінде Ұлыбританиялық Кейн Гарднерге қарсы жекпе-жек өткізеді.