
Бангкокта (Тайланд) өткен кәсіби бокс кешінде қазақстандық Теміржан "Джентльмен" Баймолда кезекті жекпе-жегін өткізіп, ерекше стильде жеңіске жетті.
Баймолданың қарсыласы — тайлық боксшы Плюем Вангклакланг болды. Жекпе-жек жартылай орта салмақта өтті және алты раундқа жоспарланған болатын. Алайда екінші раундта-ақ бәрі аяқталды.
Жекпе-жектің екінші раундында Теміржан Баймолда сол қолымен дәл тиген джебтің арқасында қарсыласын нокаутқа жіберді. Плюем Вангклакланг канвасқа құлап, қайта тұра алмады. Рефери нокаутты ресми түрде тіркеді.
Бұл жеңіс Теміржан Баймолда үшін кәсіби мансабындағы оныншы жеңіс болды. Оның ішінде алтыншы рет қарсыласын нокаутпен жеңіп отыр.
Ал Плюем Вангклакланг үшін бұл — үшінші жеңіліс. Оның кәсіби бокста жалғыз ғана жеңісі бар.