
Қазақстандық файтер жапониялық қарсыласын жеңіп, кәсіби мансабындағы 10-шы қатардағы жеңісіне қол жеткізді.
Жапонияда өткен RIZIN 50 турнирінде Қазақстанның аралас жекпе-жек өкілі Қаршыға Дәуітбек (17-3) өзінің кезекті айқасын өткізді. Ол жапониялық Тихиро Судзукимен (13-4) кездесті. Жартылай жеңіл салмақтағы бұл жекпе-жек үш раундқа жоспарланған және төрешілердің шешімімен қазақстандық спортшының пайдасына аяқталды.
Бұл Қаршыға Дәуітбектің кәсіби мансабындағы 18-ші жеңісі болды. Ал жапониялық файтер Судзуки бесінші рет жеңіліске ұшырады.
Ең маңыздысы — осы жекпе-жектің нәтижесінде Дәуітбек RIZIN лигасының жартылай жеңіл салмақтағы чемпиондық белдігі үшін айқасуға мүмкіндік алды.
Чемпиондық титул қазіргі кезде жапондық-бразилиялық Клебер Коикэ Эрбстке (34-7-1) тиесілі. Енді Дәуітбекті осы мықты қарсыласпен титулдық кездесу күтіп тұр.
Айта кетейік, Қаршыға Дәуітбек қазір қатарынан 10 жеңіс тіркеген ерекше серияда келеді. Бұл көрсеткіш оны Азиядағы үздік файтерлер қатарына шығарып отыр.