
Отандасымыз екі белбеу үшін өткен айқаста нокаутпен жеңіске жетті.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) 5 сәуір күні елордада өткен Battle of the Brave атты бокс кешінде кезекті жарқын жеңісіне қол жеткізді. Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын қорғаған ол француз Анауэль Нгамиссенге (14-1, 9 KO) қарсы қолғап түйістірді.
Тоғыз ай үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралған Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жекті сенімді бастады. Бесінші раундта қарсыласын нокдаунға түсіріп, артынан таза нокаутпен айқасты аяқтады. Осылайша, ол әлем чемпионы титулдарын сәтті қорғап, өз рекордын 17 жеңіске жеткізді.
Бұл кеш Анауэль Нгамиссенге үшін де тарихи болды. Француз боксшысы кәсіби мансабындағы алғаш рет жеңіліп қалды.
Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы тек титулдарын ғана қорғап қойған жоқ, сонымен бірге әлемдік рейтингтегі орнын нығайтып, абсолют чемпион атағына тағы бір қадам жақындай түсті.