Малиде өзін футбол нәтижесіне ықпал ете аламын деп таныстырған марабут-сиқыршы қамауға алынды.
Жергілікті жұрт Синайого мырза деп атайтын ер адам өзін "колдун-марабут" ретінде көрсетіп, түрлі "арнайы ритуалдар" арқылы Мали құрамасына Африка кубогын алып беремін деп жұртты иландыра алған.
Африка кубогында Мали құрамасы Марокко, Замбия және Комор аралдары бар топтан әрең дегенде шығып, артынша 1/8 финалда Тунисті пенальти сериясында тосыннан жеңіп шыққан.
Алайда ертегі ширек финалда аяқталды. Мали Сенегалға 0:1 есебімен жол берді.
Жеңілістен кейін өзін алдандым деп есептеген бір топ жанкүйер ер адамның үйіне басып кірген. Дегенмен полиция оны тобырдан қорғап, кейін ұстап әкеткен.
Қазір оған алаяқтық, алдау және қоғамның ырым-сырымға сенімін теріс пайдалану баптары бойынша айып тағылғаны жазылды.
Ақпаратқа сәйкес, турнир кезінде "сиқыршы" жалпы 33 500 еуро (шамамен 19,9 млн теңге) жинап үлгерген. Енді бұл қаражатты қайтару мәселесі күн тәртібіне шығуы мүмкін.
Жалпы Африкадағы бірқатар елде спорт нәтижесіне "тылсым күштердің әсері болуы мүмкін" деген түсінік әлі де жиі кездеседі.
Мысалы, 2022 жылы Сенегал футбол федерациясының басшысы құраманың жұлдызы Садио Мане ауыр жарақат алғанына қарамастан әлем чемпионатына қатысуы үшін шамандарға жүгінетінін айтқаны да медиада кең талқыланған.
Еске салайық, футболдан Африка кубогы қазір Мароккода өтіп жатыр. Жартылай финалда Марокко — Нигериямен, ал Сенегал — Мысырмен кездеседі.