
Қазақстанда 106 адам ұшақ, 300-ден астам адам яхта иесі екен.
Қазақстан Үкіметі сән-салтанатты өмір сүретін азаматтарға қосымша салық салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин мәлімдеді деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Азамат Амриннің айтуынша, байлықтың өлшемі ретінде жеке ұшақ, яхта, катер және кеме секілді ірі активтер есепке алынады.
«Қазақстанда 106 адамның жеке ұшағы, ал 300-ден астам адамның жеке яхтасы бар. Бұл – шынайы сән-салтанат белгісі», – деді вице-министр.
Ұсынылып отырған жаңа жүйе бойынша, егер азаматтың барлық мүлкінің жиынтық құны 450 миллион теңгеден асатын болса, ол ерекше салық салынатындар тізіміне енеді. Амриннің айтуынша, байларға арналған бұл салық бюджеттің кірісін жыл сайын 30-40 миллиард теңгеге дейін арттыруы мүмкін.
Мұндай қадам әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және табысты азаматтардың мемлекетке қосқан үлесін арттыруға бағытталған. Бұл әлемдік тәжірибеде де кеңінен қолданылатын әдіс — байлар көбірек төлейді, ал әлеуметтік әлсіз топтар қолдауға ие болады.