Алматы облысында 9100 «Сергек» бейнебақылау камерасы мен 300-ден астам интеллектуалды кешен іске қосылды.
Алматы облысы ұзақ жылдар бойы жол-көлік апаттарының ең көп тіркелетін өңірлерінің бірі болып келген. 2025 жылдың алғашқы жеті айында 6500-ден астам апат болған. Бұл — республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Осыған байланысты облыста алғаш рет «Sergek» интеллектуалды қауіпсіздік жүйесі толық ауқымда іске қосылды. Жолдардың бойына 9100 камера мен 350 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды. Олар жылдамдықты арттыру, жолақтан шығу, қызыл шамға өту сияқты заңбұзушылықтарды анықтайды.
«Күніне 100-ден астам құқық бұзушылық анықталады. Ол тек инспекторлармен және тағы автоматты түрде күніне мыңнан астам құқық бұзушылықтар анықталады. Осы камераларды орнату мақсаты айыппұл салу емес, бұл камераларды орнату мақсаты - апаттық жағдайларды азайту», – дейді Жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Арнат Сүлейменов.
Жаңа жүйе тек қала көшелерін ғана емес, 32 ауылдық елді мекенді де қамтыды. Бұрын бейнебақылау мүлде болмаған ауылдар енді тәулік бойы бақылауда.
Полиция өкілдерінің айтуынша, жаңа жоба тек айыппұл салу үшін емес, жол апаттарын азайтып, тәртіп мәдениетін қалыптастыру. Мамандардың болжамынша, жыл соңына дейін апаттар саны 30%-ға дейін қысқаруы мүмкін.