Қытайлықтар неге Haval, Chery және Geely емес, Toyota, Volkswagen мен BYD көліктерін таңдайды?
Ресей нарығында Chery, Haval және Geely көпшілікке Қытай автөнеркәсібінің басты өкілдері ретінде көрінеді.
Бірақ Қытайдың ішкі автонарығында жағдай мүлде басқа. Онда бәсеке әлдеқайда жоғары, ал сатып алушының таңдауы кең. Chery, Haval және Geely-мен қатар ондаған жергілікті компания, сондай-ақ Қытайда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан Toyota, Volkswagen, Honda секілді шетелдік алпауыттар да нарық үшін күресіп келеді.
Қытай нарығында танымал болу оңай емес
Көптеген шетелдік автоөндірушілер үшін Қытай ұзақ жылдар бойы ең маңызды нарықтардың бірі болып саналады. Олар жергілікті тұтынушының талғамына сай модельдер шығарды, бірлескен кәсіпорындар ашты және өндірісті ел ішінде жолға қойды.
Сондықтан Ресейде танымал болған бренд Қытайда да көш бастап тұр деген сөз емес. Ресейлік автосалондарда көп ұсынылған марка жергілікті сатып алушыға "Қытай автөнеркәсібінің лидері" болып көрінуі мүмкін. Ал өз елінде ол үлкен нарықтағы көптеген ойыншының бірі ғана.
Chery мен Haval Қытайда неге көшбасшы емес?
Қытайда Changan мен Geely өз позициясын сақтап отырғанымен олар кей кезеңде үздік бестікке кірмей қалуы мүмкін. Ал Ресейде жақсы танылған Chery мен Haval Қытайдың ішкі нарығында көбіне сатылым бойынша алғашқы ондыққа да іліге бермейді.
Мұның басты себебі — Қытайдағы тұтынушы тек жергілікті брендтер арасында таңдау жасамайды. Бұл нарықта шетелдік маркалардың беделі әлі де жоғары. Соның ішінде Volkswagen — ең айқын мысалдардың бірі. Неміс концерні Қытайда ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келеді және жергілікті жүргізушілердің қандай көлік қалайтынын жақсы түсінеді.
Volkswagen, Toyota және Honda әлі де сұраныста
Volkswagen-нің Қытайдағы артықшылығы тек беделмен шектелмейді. Компанияның ел ішінде кең өндірістік желісі бар: бөлшек шығаратын және көлік құрастыратын бірнеше зауыт жұмыс істейді. Бұл брендке әртүрлі баға санатындағы модельдерді ұсынуға және жоғары сатылым көлемін сақтауға мүмкіндік береді.
2025 жылғы деректерге сүйенсек, Volkswagen Қытай нарығында 10 пайыздан астам үлеспен екінші орынға шыққан. Toyota шамамен 8,1 пайыздық үлеспен үшінші орында тұрса, Honda да үздік брендтер қатарынан көрінеді.
BYD қалай Қытай нарығының көшбасшысына айналды?
Соңғы жылдары Қытайда сұраныс бағыты түбегейлі өзгерді. Бұрын бензинмен жүретін көліктер негізгі таңдауға айналса, қазір гибридтер мен электромобильдерге қызығушылық күрт артты. Әсіресе ірі қалаларда экологиялық әрі үнемді көліктерге сұраныс жоғары.
Осы өзгерісті ең тиімді пайдаланған компания — BYD. Бренд ерте кезеңнен бастап электрификацияға басымдық берді және жергілікті жүргізушілерге күнделікті қолдануға ыңғайлы, заманауи әрі салыстырмалы түрде қолжетімді модельдер ұсынды.
Бұрын BYD кей нарықтарда дизайны, салонының сапасы немесе техникалық шешімдері үшін сынға ұшыраған еді. Қазір жағдай өзгерді: BYD Қытай автонарығының көшбасшысына айналып, жаңа дәуірдегі Қытай автөнеркәсібінің басты символдарының бірі болып отыр. Компанияның ішкі нарықтағы үлесі шамамен 12 пайызға жеткен.