
Қала билігі батыс және шығыс бағытта метро желілерін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Қытайдың China Railway Construction Corporation (CRCC) компаниясы Алматы қаласында метро құрылысына қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Қытайға сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды NUR.KZ.
Кездесуде Ерболат Досаев пен CRCC басқарма төрағасы Дай Хэгэн көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша ықтимал әріптестікті талқылады. Алматы – Қазақстандағы жалғыз метрополитен жүйесі бар қала, қазір мұнда 11 станция жұмыс істейді. Қала билігі батыс және шығыс бағытта метро желілерін кеңейтуді жоспарлап отыр.
"Алматы үшін метро желілерін тез әрі сапалы салу маңызды. Осыған байланысты біз қытайлық компаниялардың, оның ішінде CRCC корпорациясының тәжірибесі мен мүмкіндіктерін зерттедік. Бұл жоба екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтады", – деді Ерболат Досаев.
CRCC басқарма төрағасы Дай Хэгэн компанияның Қазақстанда 650 миллион доллар көлемінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып жатқанын айтты.
"Біздің компания Қытайдағы жетекші құрылыс ұйымдарының бірі және ынтымақтастыққа әрдайым ашық. Қазір бірнеше қытайлық компания Алматы метросының құрылысына қатысуды жоспарлап отыр. Мол тәжірибенің арқасында Алматыда жобаларды сәтті жүзеге асырамыз деп үміттенеміз", – деді Дай Хэгэн.
Fortune Global-500 рейтингінде 43-орында тұрған әлемдегі ірі құрылыс компанияларының бірі;
Қытайдағы теміржолдардың үштен екісін және метроның бестен үш бөлігін салған;
Туннель қазатын 700-ден астам жоғары технологиялық машинасы бар, бұл метро мен жерасты құрылыстарын қауіпсіз және тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Алматыда метро құрылысын кеңейту мәселесі талқылау сатысында. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.