
Әлемге танымал америкалық әнші, актриса және продюсер Дженнифер Лопес Астанада концерт қояды. Концерт "Астана Аренада" 1 тамыз күні өтеді. Бұл шара Еурокубок іріктеу ойындары мен Қазақстан премьер-лигасының (ҚПЛ) матчтарына әсер етуі мүмкін.
Жазда Дженнифер Лопес Up All Night атты әлемдік гастрольдік тур аясында 17 қалада өнер көрсетпек. Ресми Instagram парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 1 тамызда ол Қазақстан астанасындағы "Астана Аренада" жанды концерт өткізеді.
Бұл күн — отандық футбол жанкүйерлері үшін маңызды кезеңге сәйкес келеді. Дәл осы уақытта Конференциялар Лигасының іріктеу кезеңі басталуы мүмкін. Сонымен қатар 2 тамыз күні Қазақстан премьер-лигасының 19-тур матчында "Астана" мен "Қайсар" командалары кездесуі тиіс. Осылайша стадионның концерт үшін жалға берілуі футбол кестесіне түзетулер енгізуге себеп болуы ықтимал.
Әнші әлемдік тур аясында көрерменмен қауышуға асығып отырғанын жасырмады:
"Барлық халықаралық жанкүйерлеріме сәлем! Осы жазда бірнеше арнайы концерт өткіземін. Көптен бері көріспегеніміз рас. Сендермен қайта жүздесетін сәтті асыға күтемін. Бұл жаз – ерекше болмақ", – деп жазды Дженнифер Лопес өзінің Instagram парақшасында.