Қазақстанда жыл басынан бері не арзандады?
Жұмыртқа тұрақты, ал капуста – қымбат. Елдегі азық-түлік бағасы қалай өзгеріп жатыр?
2025 жылдың 15 сәуіріне қарай Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендегені тіркелді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Ең айқын мысал — С1 санатындағы жұмыртқа. Оның бағасы жыл басынан бері 3%-ға түсті.
Биыл ақпанда сауда министрлігімен отандық өндірушілер және ірі сауда желілері арасында С1 санатындағы жұмыртқаның шекті бағасын 55 теңгеден асырмау туралы меморандумға қол қойылды. Құжаттың мақсаты — бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу және әлеуметтік маңызы бар өнімдерге тұрақтылық орнату.
Ай сайынғы динамика: жұмыртқа бағасы қалай өзгерді?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше:
- Қаңтарда 10 жұмыртқа — 548 теңге
- Ақпанда — 546 теңге
- Наурызда — 536 теңге
- Сәуірдің ортасында — 531 теңге
Сәуірдің 8-15 аралығында баға өзгерген жоқ, бұл нарықтағы тұрақтылықтың белгісі.
Арзандаған басқа өнімдер: күріш, ұн, қарақұмық
Жұмыртқадан бөлек, күріштің бағасы 4,7%-ға, бидай ұны — 1,8%-ға, қарақұмық — 0,3%-ға төмендеген. Министрлік бұл тауарларға үнемі мониторинг жасап отырғанын атап өтті. Мемлекет азық-түліктің қолжетімділігін сақтау үшін жеткізушілермен және супермаркеттермен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр.
Тұрақты бағалар: май, сүзбе және макарон
Сауда министрлігінің хабарлауынша, күнбағыс майы, сүзбе және макарон өнімдерінің бағасы өзгеріссіз. Бұл да нарықтағы біршама тұрақтылықты көрсетеді.
Көкөністер неге қымбаттап жатыр?
Бірақ көкөніс бағаларында маусымдық өсім байқалады:
- Қырыққабат — +3,5%
- Сәбіз — +1,6%
- Пияз — +1,8%
- Картоп — +1,7%
Ведомство бұл өсімді сақтау мен тасымалдауға кететін шығындардың артуымен байланыстырды.
Алматыда жаңа картоп – "экзотика"?
Әсіресе Алматыдағы кейбір супермаркеттерде жаңа картоптың күрт қымбаттауы жұртшылықтың наразылығын тудырды. Оның бағасы экзотикалық жемістермен теңесіп кетті. Бұл жайт әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.