
Өзбекстан құрамасының қорғаушысы Абдукодир Хусановтың үйлену тойы соңғы күндері әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр.
Жанкүйерлерді ерекше таңғалдырған жайт – ағылшынның "Манчестер Сити" клубында ойнайтын әлемдік жұлдыз Джек Грилиштің арнайы бейнеқұттықтауы болды.
"Хуса, бұл – Джек! Үйлену күніңмен шын жүректен құттықтаймын. Саған өмірде тек жақсылық тілеймін!" – деді Грилиш өзінің видеосында.
Бұл әсерлі құттықтау Хусановтың тек кәсіби емес, жеке қарым-қатынастарда да құрметке ие екенін дәлелдеді.
"Манчестер Сити" сапындағы өзбекстандық қорғаушының жақын досы саналатын Витор Рейс те жас жұбайларды құттықтауды ұмытпады. Ол өзінің жүрекжарды тілегін жолдап, досының қуанышына ортақ екенін жеткізді.
Сонымен қатар Хусановтың бұрынғы клубы – Францияның "Ланс" командасындағы әріптестері де құттықтауларын жолдаған. Жас ойыншының үйлену тойында Өзбекстан ұлттық құрамасының бірнеше ойыншысы да бой көрсетті.