
Әлеуметтік желілерде аты шыққан, бірақ тұлғасы белгісіз бетперделі ер адам тағы бір игі ісімен жұртшылықтың назарын аударды. Бұл жолы ол ауыр диагнозбен күресіп жүрген жасөспірім қызға көмектесті.
Алиме есімді 13 жастағы қызға ұзартылған QT интервалы синдромы деген сирек кездесетін жүрек ауруы диагнозы қойылған. Бұл ауру — жүрек ырғағының бұзылуына әкелетін, өмірге қауіп төндіретін күрделі жағдай. Жақында ол жиі есінен танып, тіпті құлайтын жағдайға жеткен.
"Маған шұғыл түрде шетелде күрделі операция қажет. Жүрегіме кардиодефибриллятор орнату керек. Себебі жүрегім кез келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін", — дейді Алиме.
Бұған қоса ол туғаннан бері сол аяғы қысқа болып дүниеге келген. Қазір таяқпен жүреді. Жасөспірім анасымен және інісімен жалдамалы пәтерде тұрады. Ем үшін қажетті қаражатты анасы екеуі қолдан жасаған білезіктерді сатып, жинауға тырысқан.
Беймәлім мейірімді жан Алиме мен оның отбасына шетелде емделуге арналған ірі қаржылай көмек, оқу шығындарына қолдау және жаңа пәтердің кілтін тарту етті. Мұндай тосын сыйды күтпеген ана мен қызы көздеріне жас алып, алғыстарын жеткізді.