
Дзюдодан әлем чемпионатының финалына алғаш жеткен қазақстандық спортшы қыз Әбиба Әбужақынова күміс медаль үшін жаңа көлікке ие болды.
Будапештте (Венгрия) дзюдодан әлем чемпионатында Әбиба Әбужақынова ел тарихында алғаш рет финалға шыққан әйел дзюдошы атанды.
Финалда отандасымыз Италия өкілі Асунта Скуттодан ұтылып қалса да, Қазақстан үшін тұңғыш күміс медальді жеңіп алды. Бұл – ел спорты үшін тарихи жетістік.
Спорттағы жеңісі үшін Әбибаға Lexus ES 250 маркалы көлік табысталды. Бұл темір тұлпардың нарықтағы бағасы 29-37 миллион теңге аралығында бағаланады.
Дзюдошы Instagram парақшасында жаңа көлігінің суретін жариялап, қысқа әрі әсерлі пікір қалдырды:
"1 медаль = 1 машина"
Еске сала кетсек, былтыр Париж Олимпиадасында 5-орын алғаны үшін Әбибаға KIA Ceed, Zeekr X Flagship және BMW X3 көліктері табыс етілген.