
1 тамыз күні өтетін әлемдік жұлдыздың шоуы қарсаңында ұйымдастырушылар жанкүйерлерге есіктің 16:30-да ашылатынын ескертіп, кептеліс пен ұзын-сонар кезекті болдырмау үшін ертерек келуді өтінді.
Әлемдік деңгейдегі поп-музыка жұлдызы Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертіне 25 мыңнан астам көрермен келеді деп күтілуде. Концертке қатысушыларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырушылар маңызды үндеу жасады.
Концерт ұйымдастырушысы Мәлік Хасенов Instagram желісіндегі парақшасында көпшілікке үндеу жолдап, стадионға ертерек келуді сұрады.
“Егер 25 000 адам сағат 19:00-де бір уақытта келсе, «Астана Арена» мұндай ағынды тез өткізе алмайды. Сондықтан есік сағат 16:30-да ашылады. Әр көрерменнің өтуі белгілі бір уақытты алады, бұл барлық көрермен санына көбейтілсе – кемінде 3 сағат кетеді. Сол себепті ертерек келуді өтінемін,” – деді ұйымдастырушы.
Елорда әкімдігінің хабарлауынша, концерт күні – 1 тамызда – "Астана Арена" маңында көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Қалалықтар мен қонақтардан қоғамдық көлікпен немесе жаяу қатынау ұсынылды.
Бұл – Дженнифер Лопестің Қазақстанда өткізетін алғашқы жеке концерті. Шара елдегі мәдени өмірдің айтулы оқиғасына айналып отыр. Кешке отандық және шетелдік қонақтардың келуі де күтілуде.