
UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың отбасында ауыр жағдай туындады. Жамбыл облысында орын алған қайғылы жол апатынан кейін спортшының жұбайы бірнеше жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Жамбыл облысында орын алған жол апатынан кейін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Белгілі заңгер Бағдат Амандосұлы осындай пікірде. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлады.
Адвокат Бағдат Амандосұлы бұл оқиғада жазаның жеңілдеуі мүмкін екенін жоққа шығармайды, алайда жауапкершіліктен толық босату мүмкін емес екенін де атап өтті:
«Күдікті – кішкентай балалардың анасы. Бұл фактор сот үкімін жеңілдетуі мүмкін. Дегенмен бұл оны заң алдындағы жауапкершіліктен толық босатпайды. Қаза тапқандардың туыстары кешірім берген күннің өзінде, істің ауырлығына байланысты айыпты адам міндетті түрде жауапқа тартылады», – деді Бағдат Амандосұлы.
27 шілдеде сағат 08:50 шамасында республикалық маңыздағы «Алматы-Екатеринбург» автожолының 299-шақырымында «Toyota Land Cruiser 200» маркалы автокөліктің жүргізушісі Қарағанды облысы жағынан Алматы қаласы бағытына қарай келе жатып, рөлге ие бола алмай, автокөлік аударылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді.