
UFC октагонындағы айқастарымен әлемді тамсандырған Шавкат Рахмонов енді бизнес әлемінде де бағын сынап жатыр. Жарақаттан кейінгі үзілісті тиімді пайдаланған спортшы автонесиелеу мен такси сервисі саласына қадам басты.
Қазақстан тарихындағы ең табысты ММА спортшысы, UFC-lдің жартылай орта салмағындағы үшінші нөмірлі файтері Шавкат Рахмонов жарақатынан кейінгі үзілісті бизнеске арнады. Adata.kz мәліметінше, ол 2025 жылдың сәуірінде бірден екі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (ТОО) құрылтайшысы атанған.
Сәуірдің басында Рахмонов 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Авто Qazaq Finance» компаниясының иесі болды. Бұл фирма «басқа да бөлшек сауда түрлері» мен «тұрғын үй құрылысы» саласында қызмет көрсетеді, сондай-ақ 2020 жылдан бері микроқаржылық лицензияға ие.
Компания автокөлік кепілімен, жүргізу құқығын сақтай отырып несие береді және еліміздің 11 ірі қаласында филиалдары бар. Шавкат меншік иесі атанған соң, компания алғаш рет мемлекеттік тендерлер ұтып алды — биылғы жылы үш келісімшарттың жалпы сомасы 438 млн теңгені құрады.
Бірнеше аптадан кейін файтер тағы бір бизнес бастады — «BAS-TAXI» ЖШС-нің серіктесі атанды. Бұрын күзет қызметімен айналысқан бұл компания 2023 жылдың қарашасынан бері «инновациялық технологиялар» бағытында жұмыс істейді.
BAS-TAXI өзін ұлттық такси, жеткізу және курьерлік логистика қызметі ретінде таныстырады. Платформа мақсаты — адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, жүргізушілер мен серіктестерге адал әрі тиімді жұмыс ұсыну.
Шавкат Рахмонов UFC-дағы 5 жылдық мансабында шамамен 2 млн доллар табыс тапқан. Соңғы жекпе-жегінде ол 1,115 млн доллар сыйақы алды. Қазіргі таңда ол жарақаттан толық айығып, октагонға қайта оралуды жоспарлап отыр.