
Қайрат Нұртастың жары, актриса Жұлдыз Әбдукәрімова жақында қызды болған еді. Ол тұңғыш рет көпшілікке сәбиінің есімін жариялап, қуанышын бөлісті.
Инстаграм парақшасында жүктеген суретінде кішкентай қызына «қырқынан шығару» дәстүрі жасалғанын көрсетті. Сәбиге Рабия Сұлтан есімі берілді.
Актрисаның айтуынша, былтыр күзде ол арнайы Түркістанға барып, Рабия Сұлтан Бегім кесенесін зиярат еткен. Бұл сапардың басты мақсаты — бабалар рухына құран бағыштау болған.
«Сол жерде өзіммен көп сырластым. Жан дүниемде үлкен ойларға беріліп, “Кіммін?”, “Қайдан келдім, қайда бара жатырмын?” деген сұрақтарға жауап іздедім», — деді Жұлдыз.
Бірнеше айдан соң оның жүкті екенін біліп, қыз күтетінін естігенде сәбиге атын сол кесенемен байланыстыруды бірден шешкен.
Жұлдыз Әбдукәрімова қызын Рабия Сұлтан деп атау арқылы оған еркіндік пен қайсарлықты тілегенін атап өтті:
«Қызым еркін, батыл, қайсар мінезді, рухы мықты болып өссе деймін», — деді ол.