Осылайша, халық саны көп емес, шағын ғана Еңбекшіл ауылы бүгінде бүкіл елдің назарында.
Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты Еңбекшіл ауылының тұрғындары ортақ шешіммен ішімдік ішуден толықтай бас тартты. Бұл бастама өңірдегі салауатты өмір салтын насихаттауда үлгі боларлық қадамға айналып отыр.
Бұл шешім ауыл ақсақалдары мен жастардың бірлескен бастамасынан туындаған. Олар денсаулық пен рухани тәрбиеге мән беруді, ұрпаққа дұрыс үлгі қалдыруды мақсат етіп отыр. Еңбекшіл ауылында 47 үйде 272 адам тұрады. Бұл туралы ІІМ хабарлады.
«Биыл ауыл тұрғындары өзара келісе отырып, ішімдік сатуға да, ішуге де толықтай тыйым салу туралы шешім қабылдады. Қазір ауылға келсеңіз, тыныштық орнаған, адамдардың ой-санасы өзгеріп келеді. Ішімдіксіз өмірдің де сәні мен мәні бар екенін бәрі түсінді, – дейді полиция қызметкері Айдос Сейтқазиев.
Айта кетейік, Атырау облысында 50-ден астам ауыл ішімдіксіз өмір салтын таңдаған. Мұндай елді мекендерде қоғамдық тәртіп деңгейі жоғары, өзара түсіністік пен ынтымақ орнаған.