Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері қазір қазақстандықтардың тұмаурату себебі жаңа эпидемия емес екенін айтты.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов қазір адамдардың көп ауырып жатқанын мезгілмен байланыстырады.
"Күз – көңіл күй түсіп, тұмаудың басталатын мезгілі. Мұны бізге 30 жыл бұрын да үйреткен. Бұл жай ғана маусымдық вирус. Елде ешқандай жаңа эпидемия жоқ", - деді ол.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова да аурушаңдық деңгейі қалыпты екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір ЖРВИ мен тұмауға шалдығу деңгейі жыл сайынғы эпидемиялық маусымның шегінде.
"Бізде бұл маусым қыркүйектен сәуірдің соңына дейін созылады. Қазір айналымда жүрген вирустар бұрыннан белгілі тұмау вирустары. Мысалы кей БАҚ-та жиі аталып жүрген "гонконгтық вирус" емес, ол алғаш рет 1960-жылдары анықталған. Қазір ол жыл сайын айналымда болатын қалыпты вирус”, - деді Роза Қожапова.