Полицейлердің айтуынша, осындай бастаманың арқасында елдімекендерде қылмыс саны күрт азайған.
Павлодар облысының 20 елдімекенінде тұрғындар өз еркімен дүкендерде алкоголь өнімдерін сатуды тоқтату туралы шешім қабылдады. Мұндағы мақсат - ауыл өмірін тыныш әрі қауіпсіз ету.
Нақты қай ауылдарда алкогольді сусындар сатылмайтынын облыстық полиция департаменті ұсынды.
Алкогольден бас тарту туралы шешім ауыл ақсақалдарының, беделді қоғам өкілдерінің, ауылдық округ әкімдерінің, сондай-ақ, учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен өткен кеңестерде қабылданған.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай бастама өңірдегі қылмыс санының азаюына және отбасылық жанжал көрсеткішінің төмендеуіне оң әсер еткен. Мәселен, соңғы жылдары аталған елдімекендерде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында да 70-ке жуық ауыл алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқаны хабарланған еді.