Кот-д'Ивуар — Норвегия: ӘЧ-2026 плей-оффындағы тарихи матчқа болжам

Бас редактор

Норвегия фаворит саналады. Бұл матчта басты назар Эрлинг Холандта болары сөзсіз. Себебі дәл қазір "Сити" ойыншысы үздік сұрмергендер қатарында келе жатыр. Топтық кезеңде төрт гол соқты. 

Кот-д'Ивуар — Норвегия: ӘЧ-2026 плей-оффындағы тарихи матчқа болжам
football24.ua

Бүгін биылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Кот-д'Ивуар мен Норвегия құрамалары кездеседі. Бұл ойында африкалық құрама мундиаль тарихындағы ең жақсы нәтижесін жаңартуға тырысса, Норвегия 1998 жылдан бергі алғашқы плей-офф матчында жеңіске жетуді көздейді.

Кездесу 30 маусым күні АҚШ-та, Арлингтон қаласындағы AT&T Stadium аренасында өтеді. 

Кот-д'Ивуар үшін тарихи мүмкіндік

Кот-д'Ивуар құрамасы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шығып, өз тарихындағы маңызды белеске жетті. Енді Ибраим Камара баптайтын команда турнирдегі жолын жалғастырып, жаңа рекорд орнатуға тырысады.

Фото: news.sportbox.ru

Африкалық құрама іріктеу кезеңінде қорғаныста өте сенімді ойнады. Команда алты матчта бірде-бір гол жібермей, әлем чемпионатына жолдама алды. Ал мундиальдің топтық кезеңінде Германия, Эквадор және Кюрасао секілді қарсыластармен ойнап, плей-оффқа шығуға жеткілікті нәтиже көрсетті.

Норвегия шабуылымен қауіпті

Норвегия құрамасы бұл матчқа шабуыл шебіндегі жоғары әлеуетімен келіп отыр. Столе Сольбаккен шәкірттері іріктеу кезеңінде сегіз матчтың бәрінде жеңіске жетіп, 37 гол соққан.

Әлем чемпионатының топтық кезеңінде де норвегиялықтар нәтижелі ойынымен көзге түсті. Олар Иракты 4:1 есебімен жеңіп, Сенегалды 3:2 есебімен ұтты. Алайда соңғы турда Франциядан 1:4 есебімен жеңілуі команданың қорғаныста әлсіз тұстары бар екенін көрсетті.

Холанд — басты қауіп

Норвегия құрамасының басты жұлдызы — Эрлинг Холанд. Шабуылшы топтық кезеңде төрт гол соғып, турнирдің ең қауіпті форвардтарының бірі екенін дәлелдеді.

Фото: sportrbc.ru

Кот-д'Ивуар қорғанысы үшін негізгі міндет — Холандқа бос кеңістік бермеу және оның айып алаңындағы қозғалысын шектеу. Бұл тұрғыда Эван Ндика мен Одилон Коссуну жұбына үлкен жауапкершілік түседі.

Сонымен қатар Мартин Эдегордың ойынды ұйымдастыруы, Антонио Нуса мен Александер Серлоттың қапталдағы белсенділігі Кот-д'Ивуар қорғанысын жиі қысымда ұстауы мүмкін.

Кот-д'Ивуар шабуылы да қауіпті

Кот-д'Ивуар тек қорғанысқа сүйенетін команда емес. Турнирде Амад Диалло, Николя Пепе және Франк Кессье нәтижелі әрекеттерімен көзге түсті.

Команда топтық кезеңдегі үш матчтың бәрінде гол соқты. Бұл африкалық құраманың Норвегия қорғанысындағы қателіктерді пайдалануға қабілетті екенін көрсетеді.

Сарапшылар Норвегияны фаворит санайды

Норвегия бұл жұпта фаворит ретінде қарастырылып отыр. Бұған команданың іріктеудегі мінсіз нәтижесі, шабуылдағы тұрақтылығы және Холандтың жақсы формасы әсер етті.

Фото: rusfootball.info

Дегенмен Кот-д'Ивуарды да менсінбеуге болмайды. Африкалық команда қорғаныста тәртіпті, ал шабуылда жылдам әрі қауіпті ойыншылары бар.

Екі команданың да топтық кезеңдегі ойындарына қарағанда, бұл кездесуде гол соғылу ықтималдығы жоғары. Норвегия барлық матчында нәтижелі ойнады, ал Кот-д'Ивуар да әр ойында қарсылас қақпасына жол тапты.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалы аясында өтетін бұл матч Қазақстан уақытымен сағат 22:00-де басталады. Тікелей трансляцияны Qazsport телеарнасынан көруге болады.