
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Қаныш Төлеушин Астанада өтетін Counter Strike 2 (CS2) PGL Astana 2025 турниріне ресейлік порнография актрисасы Ева Эльфидің шақырылуына қатысты пікір білдірді.
Мәжіліс кулуарында журналистер Қаныш Төлеушиннен бұл даулы мәселеге қатысты ойын сұрады. Алайда шенеунік бұл жаңалықты бірінші рет естіп тұрғанын мәлімдеді.
“Шынымды айтсам, бұл туралы алғаш рет естіп тұрмын. Комментарий беру қиын. Этикалық тұрғыдан, әрине, мұндай нәрсе қабылдауға келмейді. Бұл жөнінде Мәдениет және спорт министрлігінен сұраған дұрысырақ болар”, — деді Төлеушин.
Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігінің турнирге және порножұлдыздың шақырылуына ешқандай қатысы жоқ екенін баса айтты. Ведомство бұл бастаманың ұйымдастырушылар тарапынан жүзеге асырылғанын айтып, өздерін бұл іске араластырмауды сұрады.