
Келер жылы өтетін фиджитал ойындары бұрын-соңды болмаған жаңашылдығымен ерекшеленбек.
Келер жылы Дубайда Дүниежүзілік фиджитал ойындары өтеді. Ауқымды шараға дайындық қазірден басталып кетті. Спорт пен цифрлық технологияны тоғыстырған жаңа форматтағы ауқымды додаға 100-ден астам елден командалар қатысады деп күтілуде.
Осы халықаралық іс-шараның ұйымдастыру жұмыстары БАӘ-нің Дубай қаласында өткен «World Phygital» саммиті аясында пысықталды. Саммит барысында инновациялық жарыс форматы, инфрақұрылымдық талаптар және қатысушы елдердің мүмкіндіктері талқыланды.
Phygital (physical + digital) — бұл дәстүрлі физикалық спорт пен цифрлық технологияның симбиозы. Мұндай формат спортшылардан тек физикалық күш қана емес, цифрлық ортада шапшаңдық пен стратегиялық ойлауды талап етеді. Сондықтан бұл ойындар заманауи спорттың жаңа деңгейі ретінде қарастырылып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 100-ден аса елдің спортшылары 13 түрлі бағыт бойынша жарысқа түседі. Бұл жарыс спорттық бәсекенің ғана емес, технологиялық даму мен цифрлық дағдылардың сынға түсетін алаңы болады.