Неймар қазақстандық чемпионды құттықтады
Бразилияның әйгілі футболшысы Неймар Counter-Strike 2 ойыны бойынша ірі турнирде топ жарған қазақстандық киберспортшы Данил «molodoy» Голубенконы жеңісімен құттықтады.
Әлемдік футбол жұлдызынан тосын қолдау
20 жастағы қазақстандық снайпер Бразилиялық FURIA Esports командасының сапында өнер көрсетіп, финалда The Mongolz құрамасын 3:2 есебімен ұтты.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 500 мың доллар болса, оның 200 мыңын чемпиондар иемденді.
Алғашқы жеке марапат
Голубенко турнирдің ең құнды ойыншысы (MVP) атанды. Бұл – оның мансабындағы алғашқы жеке жүлде. Чемпионат барысында ол 18 картта орташа 1,19 рейтингпен ойнап, небәрі үш рет ғана теріс көрсеткішпен аяқтады.

FURIA-ның жанкүйері саналатын Неймар команданың әлеуметтік желідегі жазбасына пікір қалдырып қана қоймай, қазақстандық ойыншының Instagram парақшасына жазылды.