Vitality HLTV.org рейтингінің көшін бастады — FaZe алтыншы орынға көтерілді.
HLTV.org порталының нұсқасы бойынша CS2 ойынындағы әлемдегі үздік командалар рейтингінде Team Vitality бірінші орынға шықты. StarLadder Budapest Major 2025 турниріндегі жеңістен кейін Дан apEX Мадесклер бастаған ұжым FURIA Esports командасын артта қалдырды.
Team Spirit үздік бестікке енді, ал оның артынан өткен мейджордың екінші финалисі — FaZe Clan орналасты. FaZe бірден алты позицияға жоғарылады. B8 Esports пен PARIVISION әрқайсысы төрт қарсыласын басып озып, сәйкесінше 12-ші және 18-ші орындарға жайғасты. Ал PaiN Gaming алғашқы ондықтан шығып қалып, 14-орынға төмендеді.
StarLadder Budapest Major 2025 турнирі 24 қараша мен 14 желтоқсан аралығында Венгрияда өтті. Жарысқа 32 команда қатысып, 1,25 миллион доллар жүлде қоры сарапқа салынды. Финалда Team Vitality FaZe Clan командасын 3:1 есебімен жеңді.
Естеріңізге салсақ, FURIA командасының сапында қазақстандық спортшы Данил Молодой Голубенко өнер көрсетеді.