Неймардың сторисінде Қазақстан жұлдызы: "Барселона" аңызы не деді? (ФОТО)
"Барселона" аңызы отандасымызбен шағын әңгіме-дүкен де құрды.
Әлемдік футбол жұлдызы, Бразилия құрамасының шабуылшысы Неймар Жуниор өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандық киберспортшы Данил Голубенконың (Molodoy) суретін жариялап, жазба қалдырды.
Ерекше фото және реакция
Бразилиялық шабуылшы қазақстандық ойыншының Бразилия құрамасының жейдесін киіп түскен фотосын сториске жүктеді. Ерекшелігі – жейдеде Неймардың есімі жазылған.
Суретке қатысты Неймар шағын жазба қалдырды:
"Бұл Molodoy емес пе?" – деп сұрады ол.
"Иә, Molodoy", – деп жауап берді қазақстандық киберспортшы.
Molodoy кім?
Данил Голубенко – Қазақстанның ең танымал киберспортшыларының бірі. 21 жастағы ойыншы бірнеше жылдан бері Бразилияның FURIA командасында өнер көрсетіп, ұжымның негізгі көшбасшыларының біріне айналды.
Қазіргі таңда Molodoy командасымен бірге Бразилияда. Ол 13 сәуірден 14 сәуірге қараған түні IEM Rio турнирінде өнер көрсетеді.
Сондай-ақ, 7–17 мамыр аралығында FURIA Астанада өтетін PGL турниріне қатысады. Бұл – посткеңестік кеңістіктегі ең ірі киберспорттық жарыстардың бірі.
Неймар мен Қазақстандық ойыншы
Айта кетейік, Неймар бұған дейін де қазақстандық киберспортшыға назар аударды. Өткен жылы Molodoy FISSURE PLAYGROUND 2 турнирінде жеңіске жеткеннен кейін, бразилиялық футболшы оған әлеуметтік желіде қолдау білдірген еді.
Неймардың мансабы
Неймар 2013–2017 жылдары "Барселона" сапында ойнап, Месси және Суареспен бірге әлемдегі ең қауіпті шабуыл үштіктерінің бірін құрды. Сол кезеңде каталондық клубпен бірге "требл" жасады.