Қазақстандық molodoy PGL Astana 2026 турнирінде екінші рет қатарынан MVP атанды
Ол өнер көрсететін бразилиялық FURIA командасы CS2 бойынша жарыста екінші жеңісіне жетті.
FURIA Heroic командасын сенімді ұтты
Екінші турда FURIA құрамасы Heroic командасымен кездесті. Қарсылас сапында Швеция, Дания және Түркия киберспортшылары өнер көрсетеді.
Матч толықтай FURIA басымдығымен өтті. Кездесу 2:0 есебімен аяқталды:
- Mirage — 13:4
- Inferno — 13:7
Осылайша FURIA PGL Astana 2026 турниріндегі жеңісті сериясын жалғастырды.
Қазақстандық ойыншы Данил Голубенко бұл кездесуде де жоғары деңгейде өнер көрсетті. molodoy 1.75 рейтинг жинап, өз командасындағы ең үздік нәтиже көрсетті.
Оның тұрақты әрі нәтижелі ойыны ескеріліп, қатарынан екінші матчта MVP, яғни кездесудің ең құнды ойыншысы атанды.
FURIA плей-офф жолдамасына таласады
Екі ойында да жеңіске жеткен FURIA енді плей-офф кезеңіне шығу үшін шешуші матч өткізеді. 11 мамырда команда Team Spirit ұжымымен кездеседі. Бұл команда сапында Ресей, Беларусь және Украина киберспортшылары бар.
CS2 бойынша PGL Astana 2026 турнирі 17 мамырға дейін жалғасады. Жарыстың финалдық кезеңі 15 мамырдан бастап Астанадағы “Барыс Аренада” өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры — 1,6 миллион доллар.