Қазақстандық киберфутболшы Еуропаның ірі турнирінде бақ сынайды
Жарыстың жүлде қоры 281 мың долларды құрайды.
Қазақстандық киберфутбол тарихында жаңа белес тіркелді. Еліміздің өкілі алғаш рет Еуропадағы ең ірі киберфутбол жарыстарының бірі саналатын eChampions League турниріне қатысады.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, мұндай жетістікке Данияр Шарабадин қол жеткізген. Киберспорт әлемінде DAN1K никнеймімен танымал ойыншы халықаралық аренада "Шахтер" клубының атынан өнер көрсетеді.
DAN1K жолдаманы қалай алды?
Данияр Шарабадин eChampions League турниріне қатысу құқығын Қазақстандағы алғашқы eКПЛ жарысында жеңіске жеткеннен кейін иеленді.
Турнир Манчестерде өтеді
eChampions League турнирінің бастапқы кезеңі 15-16 мамыр күндері Англияның Манчестер қаласында өтеді. Жарысқа Еуропаның үздік киберфутболшылары қатысады.
Бірінші ойын күнінде DAN1K бірнеше мықты қарсыласпен кездеседі. Қазақстандық киберфутболшы "Манчестер Сити", "Хольштайн Киль" және "Аякс" клубтарын таныстыратын ойыншыларға қарсы ойнайды.
Ал екінші күні ол "Кадис", "Нефтчи" және "Труа" өкілдерімен шеберлік байқасады.
Жүлде қоры және финалдық кезең
eChampions League турнирінің жалпы жүлде қоры 281 мың доллар. Манчестердегі топтық кезеңнен сәтті өткен ойыншылар жарыстың келесі сатысына жолдама алады.
Финалдық кезең Венгрия астанасы Будапештте ұйымдастырылады.