PGL Astana 2026: Астанада Counter-Strike 2 бойынша ірі халықаралық турнир өтеді
2026 жылдың 15-17 мамыры аралығында Астанада әлемдік киберспорт жанкүйерлері асыға күтетін PGL Astana 2026 турнирі ұйымдастырылады. Counter-Strike 2 дисциплинасы бойынша байрақты бәсеке Barys Arena кешенінде өтеді.
Жүлде қоры – 1,6 миллион доллар
Астана екінші жыл қатарынан әлемдік киберспорт индустриясындағы ең ауқымды жарыстардың бірін қабылдағалы отыр. Халықаралық деңгейдегі турнирді PGL Esports SRL компаниясы ұйымдастырады.
PGL Astana 2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ доллары болады. Жарысқа әлемнің үздік 16 командасы қатысады деп жоспарланған.
Олардың қатарында киберспорт жанкүйерлеріне жақсы таныс мықты ұжымдар бар:
- Team Spirit
- G2 Esports
- FURIA Esports
- Heroic
Бұл командалардың қатысуы Астанада өтетін турнирдің деңгейін айқын көрсетеді. Сондықтан PGL Astana 2026 Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең маңызды киберспорт оқиғаларының біріне айналуы мүмкін.
Турнирге әлемге танымал қонақтар келеді
Ұйымдастырушылар жарысқа арнайы қонақтар да шақырылғанын хабарлады. Олардың арасында Counter-Strike әлемінде танымал тұлғалар бар.
Астанаға келуі жоспарланған қонақтар қатарында Counter-Strike бойынша әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, FURIA Esports ойыншысы Данил Голубенко, танымал стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі James Banks және әлем чемпионы Габриэль Толедо бар.
Турнир Қазақстанның туристік күнтізбесіне енгізілді
PGL Astana 2026 Қазақстан үшін тек киберспорттық жарыс емес, сонымен қатар туристік маңызы бар халықаралық іс-шара болмақ.
Аталған турнир Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген.