"Шахтер" ойыншысы Еуропаның үздік 30 спортшысы қатарына енді
Қазақстандық ойыншы алты матчта төрт ұпай жинап, турнир кестесінде 29-орын алды.
Қазақстандық киберфутболшы Данияр Шарабадин eChampions League турнирінде тарихи нәтиже көрсетті. Қарағандылық "Шахтер" клубының намысын қорғайтын ойыншы Манчестерде өткен халықаралық жарыста Еуропаның ең үздік 30 киберфутболшысының қатарына енді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, киберспорт әлемінде DAN1K никнеймімен танымал Данияр бұл турнирге қатысқан алғашқы қазақстандық ойыншы атанды.
Данияр Шарабадин eChampions League турниріне eҚПЛ-дің тұңғыш маусымында жеңімпаз атанғаннан кейін жолдама алған еді.
DAN1K алты матчта төрт ұпай жинады
Дүбірлі додада Данияр Шарабадин алты матч өткізіп, төрт ұпай еншіледі.
Қазақстандық ойыншы Әзербайжанның "Нефтчи" клубының өкілі YuLite42 ойыншысын 5:2 есебімен сенімді жеңді. Сонымен қатар Амстердамның "Аякс" клубын таныстырған Chris de Boer ойыншысымен өткен тартысты кездесуде тең нәтиже тіркеді.
Осы көрсеткіштің арқасында DAN1K eChampions League турнирлік кестесінде 29-орынға тұрақтады.