Бүгін Астанада "Болашақ ойындары – 2026" турнирінің жалауы желбірейді

Бас редактор

Елордада "Болашақ ойындары – 2026" халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу салтанаты өтеді. 

Бүгін Астанада "Болашақ ойындары – 2026" турнирінің жалауы желбірейді
ru.sputnik.kz

Елорда алдағы 12 күн бойы спорт пен цифрлық технология тоғысқан халықаралық алаңға айналады. Биылғы жарысқа әлемнің 34 елінен мыңға жуық спортшы келді. Олар 8 ойын түрінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтайды.

"Болашақ ойындары" дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастырған жаһандағы ең креативті әрі қызықты жарыстардың бірі саналады.

Биылғы турнир де көрерменге бұрын-соңды болмаған тартысқа толы формат ұсынбақ. Жарыстың басты ерекшелігі – фиджитал форматында өтуі. Командалар алдымен виртуалды әлемде бақ сынайды. Кейін дәл сол қарсыласымен спорт алаңында кездеседі. Жеңімпаз екі кезеңнің қорытындысы бойынша анықталады.

Қазақстаннан 11 команда қатысады

"Болашақ ойындары" 8 спорт түрінен өтеді. Додаға ондаған команда қатысады. Қазақстан атынан 11 команда бақ сынайды.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 4,5 миллион доллардан асады. Әр ойын түріне 75 мың доллардан бастап, 1 миллион долларға дейінгі аралықта қаржылай сыйақы қарастырылған.

Айта кетейік, айтулы турнир биыл үшінші мәрте өткелі отыр. Алғаш рет 2024 жылы Ресейде бастау алған жарыс былтыр Абу-Дабиде жалғасты.

Енді әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған көрермен Астанаға көз тігеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбірлі доданың куәгері болу үшін елордаға 10 мыңға жуық турист келген.

Сайыстарды "Барыс Арена", "Beeline Арена", Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және "Qazaqstan" жеңіл атлетика спорт кешені қабылдайды.