
2025 жылдың қыркүйегінде FIFA күнтізбесіндегі халықаралық үзілісте Қазақстан ұлттық құрамасы Индонезиямен жолдастық матч өткізуі мүмкін.
Бұл туралы индонезиялық Voi.id порталы хабарлайды. Индонезия бастапқыда Малайзия құрамасымен кездесуді жоспарлаған. Бірақ малайзиялық тараптан нақты жауап болмағандықтан бұл жоспар орындалмады. Осы жағдайдан кейін Индонезия футбол қауымдастығы (PSSI) жаңа қарсылас іздей бастады.
Ресейлік "Голос России" басылымының мәліметінше, Индонезия футбол федерациясы Қазақстан, Ресей және Өзбекстан футбол қауымдастықтарымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жолдастық кездесулердің бәрі қыркүйекте, FIFA-ның ресми терезесінде өтуі мүмкін.
"Бізге жеткен мәлімет бойынша, Индонезия ұлттық құрамасы қыркүйектегі үзіліс кезінде Қазақстан, Өзбекстан және Ресей құрамаларымен жолдастық матчтар өткізуді жоспарлап отыр", — деп жазады дереккөз.
PSSI Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларымен өтетін кездесулерді 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің төртінші раундына дайындық үшін маңызды деп санайды. Бұл матчтар Индонезия үшін тактикалық және психологиялық тұрғыдан бағалы тәжірибе болмақ.
Егер матч ресми түрде бекітілсе, бұл Қазақстан мен Индонезия ұлттық құрамалары арасындағы алғашқы ресми кездесу болмақ.