
Қазақстандық футболдың болашағы саналатын Дастан Сәтпаевтың архивті видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбаны Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының ресми Instagram-парақшасы жариялады. "Dream it possible" деген шабыттандыратын жазумен ұсынылған ролик жанкүйерлердің жүрегінен орын тапты.
Бейнежазбада Дастанның бала күнінен бастап кәсіби футболшыға айналғанға дейінгі жолы көрініс табады. Алғашқы кадрлардан-ақ көрермен Дастанның академия қабырғасындағы қадамдарын көреді. Арман қуған жасөспірім уақыт өте келе ұлттық құраманың шабуылшысы “Қайрат” командасының басты үмітіне айналады.
Видеожазбаның шарықтау шегі — Дастанның әлемдегі ең атақты клубтардың бірі — лондондық “Челсидің” ойыншысы атанатыны туралы хабар.
Еске салсақ, 2025 жылдың қаңтарында 16 жастағы қазақстандық шабуылшы “Челсимен” келісімшартқа отырған. Бірақ ФИФА ережелеріне сәйкес, ол командаға 2026 жылдың жазында, 18 жасқа толған соң ғана қосылады. Бұл туралы “Қайрат” 2025 жылдың 10 ақпанында ресми түрде хабарлады.
“Челси” Сәтпаевтың трансфері үшін 4 миллион еуро төлейді. Бұл Қазақстан футболындағы ең ірі трансферлік сома болып тіркелді. Мұндай қаржылық келісім Дастанның әлеуетін ғана емес, сондай-ақ қазақстандық футбол жүйесінің сапасын да айқындайды.