Қазақстан Премьер-Лигасының 11-турында "Тобыл" клубы өз алаңында "Атырауды" 5:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Бұл матчта алаң иелері айқын фаворит саналды және сол үмітті толық ақтады.
Жанкүйерлер бірінші таймда-ақ нәтижелі футболдың куәсі болды. 14-минутта Александр Зуев, кейін Ислам Чесноков пен Ахмед Эль-Мессауди мергендік танытты.
Атыраулық қорғаушы Гиорги Гадрани қызыл қағаз алып, қонақтар матчтың көп бөлігін он ойыншымен өткізуге мәжбүр болды.
Үзілістен кейін Роман Асранқұлов пен Жасұлан Жұмашев таблодағы есепті 5:0-ге жеткізді.
Бұл жеңістен кейін “Тобылдың” еншісінде 23 ұпай болды. Айта кетейік, клубтың “Астанамен” салыстырғанда екі ойыны кем, ал елордалықтарда 27 ұпай. Демек қостанайлық ұжым турнир көшбасшылығына таласуға нақты үміткер. Ал “мұнайшылар” турнир кестесінің соңғы сатысына түсті.