
"Интер" УЕФА Чемпиондар лигасының финалында "ПСЖ"-дан 0:5 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін төрт жылдық циклды аяқтап, бас бапкер Симоне Индзагимен қош айтысты. Көп ұзамай клуб жаңа маманды да тағайындап үлгерді. Енді команданы румыниялық Кристиан Киву басқарады.
Бұл ақпаратты сенімді трансфер инсайдері Фабрицио Романо растап, өзінің атақты here we go белгісімен бекітті. Кивумен екі жылдық келісімшартқа қол қойылды. Ал балама үміткер Сеск Фабрегаспен жүргізілген келіссөздер бүгін таңертең сәтсіз аяқталған.
Киву — Италияның футбол сахнасында беделді тұлға болғанымен бапкер ретінде тәжірибесі тым шектеулі. Ол 2025 жылдың ақпан айынан бастап "Парма" клубын басқарған. Бар-жоғы 13 матч өткізген Кристиан енді Чемпиондар лигасының финалисін тізгіндейді.
Клуб басшылығы Кивудың ойыншы кезіндегі тәжірибесі мен клубтық мәдениетке бейімділігіне сенім артқан болуы мүмкін. Дегенмен оның кәсіби деңгейі мен дағдарыс жағдайындағы қабілеті — әлі сыналмаған фактор.
Бұл тағайындау жанкүйерлер арасында қызу пікірталас тудырып отыр: біреулер Кивуға сенім білдірсе, енді біреулер тәуекел тым жоғары деп есептейді.