
Қазақстан футболының тарихында өшпес із қалдырған қақпашы Ненад Эрич Қазақстан азаматтығынан бас тартып, туған елі Сербияға көшті. Елордалық "Астана" сапында 11 жыл бойы өнер көрсетіп, ұлттық құрамада да тер төккен Эричтің бұл шешімі жанкүйерлер үшін тосын жаңалық болды.
"Астана" футбол клубының аты аңызға айналған қақпашысы Ненад Эрич Қазақстан азаматтығынан бас тартып, Сербияға көшіп кеткені белгілі болды. Бұл туралы спорт журналисі Ермұхамед Мәулен "Бірінші гол" YouTube арнасының шығарылымында мәлімдеді.
"Астана клубы Эричке бірінші нөмірді мәңгілікке бекітіп берген еді. Бірақ жақында оның Белградқа көшіп, Қазақстан азаматтығынан бас тартқаны және Сербия төлқұжатын қайта алғаны жайлы естідім", – деді Ермұхамед Мәулен.
Ненад Эрич Қазақстан футболында 11 жыл өнер көрсетті. 2010 жылы "Қайрат" сапында ойнап, 32 матчқа қатысқан қақпашы 2011 жылы "Астанаға" ауысып, клубтың нағыз символына айналды. Ол елордалық команданың сапында 318 матч өткізді, ал Қазақстан ұлттық құрамасы үшін 8 кездесу өткізген.
Эричтің клубтағы ерен еңбегін бағалаған "Астана" басшылығы оның футболдағы нөмірін құрметпен сақтап қалу туралы шешім қабылдаған.
"Клуб басшылығының шешімімен, "Астана" командасының бірінші нөмірі айналымнан алынып, көпжылдық капитанымыз әрі көшбасшымыз Ненад Эричке мәңгілікке бекітіледі", – делінген клубтың ресми мәлімдемесінде.
Ненад Эрич "Астана" сапында жүргенде командамен бірге 6 рет Қазақстан чемпионы, 4 Суперкубок, 2 Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар, клуб Чемпиондар лигасы және Еуропа лигасының топтық кезеңдерінде, тіпті Еуропа лигасының 1/16 финалында ойнаған.
"Біз Ненадқа "қош бол" демейміз, ол әрдайым "Астана Аренада" құрметті қонақ ретінде қабылданады. Оған тек сәттілік тілейміз!", – деді клуб өкілдері.