
Өзбекстан құрамасының капитаны Эльдор Шомуродов Мессидің ізімен жүріп, Солтүстік Америкаға жол тартуы мүмкін — «Рома» шабуылшысына MLS клубы нақты ұсыныс жасаған.
Италияның «Рома» клубында ойнайтын және Өзбекстан құрамасының капитаны саналатын Эльдор Шомуродов Солтүстік Америкаға ауысуы мүмкін. Бұл туралы Offside.kz хабарлады.
29 жастағы шабуылшыға АҚШ-тың Major League Soccer (MLS) лигасындағы клубтардың бірі ресми ұсыныс білдірген. Қазіргі таңда «Рома» басшылығы шабуыл шебін жаңарту және құрамды қысқарту жұмыстарын жүргізіп жатқандықтан, Шомуродовпен қоштасу мүмкіндігін жоққа шығармай отыр.
Айта кетейік, шабуылшының римдік клубпен келісімі 2026 жылдың жазына дейін жарамды.
Өткен маусымда Эльдор «Рома» сапында 37 матчқа қатысып, 7 гол соғып, 5 нәтижелі пас берген. Бұл – жаман көрсеткіш емес, дегенмен ол клуб үшін тұрақты негізгі ойыншы бола алған жоқ. Бұл да оның болашағына әсер ететін фактор болуы ықтимал.
Эльдор Шомуродовты «Рома» 2021 жылы 20 миллион еуроға сатып алған еді. Бұл өзбек футболы тарихындағы ең қымбат трансферлердің бірі саналады.