
«Атырау» клубының ойыншылары Instagram желісінде түнгі клубта ішімдік ішіп отырған сәттерімен көзге түсіп, жанкүйерлердің ашуын туғызды.
Қазақстан Премьер-лигасының 2025 жылғы маусымында нәтижелерімен емес, тәртібімен назарға іліккен "Атырау" клубының ойыншылары енді түнгі көңіл көтеру кешіндегі әрекеттері үшін сынға ұшырады.
Dopsportkz Instagram парақшасында жарияланған суретте футболшылар түнгі клубта ішімдік ішіп отырған сәтте түсіп қалған. Команда биылғы маусымда турнир кестесінде төменгі орында келе жатқаны белгілі.
Сурет жарияланған соң, клуб ойыншыларының бірі Instagram арқылы авторға агрессиялық сипаттағы хабарлама жолдаған:
"Футболшылар ішімдік ішпейді деп ойлайсыңдар ма? Бос сөз айтпаңдар. Біз бар күшімізді салып ойнап жүрміз. Шынымды айтсам, Атыраудағы футболға түкіргенім бар. Трансферлік терезе ашыла сала кетемін. Мұндағы жанкүйерлер де біртүрлі, адамды есінен адастыра жаздайды. Не болса соған сене береді екенсіңдер.
«Атырау» Бірінші лигаға түседі, бұл әлдеқашан шешіліп қойған. Ал сендер, клоун сияқты, суретке түсіп, адамдардың соңынан жүгіріп жүре беріңдер", — деп жазған футболшы.
Көп ұзамай, тағы бір футболшы автордан жазбаны өшіруді өтініп, мынандай түсініктеме берді:
"17 мамыр күні ойыншыларымыздың бірі туған күнін атап өтті. Ол кешке біз үшеуіміз ғана емес, бүкіл команда қатысты. Өзім ішімдік ішпеймін. Халық бұл суретті көріп қояды деп емес, ата-анам көріп қоя ма деп уайымдаймын... Сондықтан бұл жазбаны өшірсеңіз екен", — деген футболшы.
Жанкүйерлер бұл хабарламаның авторы 23 жастағы Ерсұлтан Қалдыбеков екенін анықтады.
Әлеуметтік желі қолданушылары мен жанкүйерлер бірінші дөрекі сөз айтқан футболшының кім екенін анықтап, қатаң жазалануын талап етіп жатыр. Олар бұл үшін "Атырау" клубының бас директоры Дидар Сыдықбекті нақты шешім қабылдауға шақырды.
Айта кетейік, дау туғызған туған күн иесі — 21 жастағы шабуылшы Ян Труфанов, ол "Қайраттан" жалға алынған.