
Алматылық «Қайраттың» жас шабуылшысы Дастан Сатпаев Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас футболшылардың бірі атанды.
16 жастағы қазақстандық футболшы Еуропа футболының басты додасында тарихи жетістікке жетті. 8 шілде күні УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі аясында словениялық «Олимпия» мен алматылық «Қайрат» командалары кездесіп, ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Кездесу барысында қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтпаев қарсылас қақпасын дәл көздеп, ел футболының тарихына енді.
Бұл гол Сатпаев үшін ғана емес, қазақстандық футбол үшін де үлкен маңызға ие. Ол небәрі 16 жас 10 ай 26 күнінде гол соғып, Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас гол авторларының үздік үштігіне енді.
Ол тек швед Никлас Беркрот (16 жас, 6 ай, 4 күн) пен поляк Влодзимеж Любаньскиден (16 жас, 8 ай, 16 күн) кейінгі орында тұр. Бұл — Сатпаевтың болашағынан үлкен үміт күттіреді деген сөз.
УЕФА ресми статистикасында тек негізгі кезеңдегі (яғни, бұрынғы топтық кезеңнен бастап) голдар есепке алынады. Бұл тізімге сәйкес, ресми түрде ең жас гол авторы – Ансу Фати (17 жас 40 күн, «Барселона» – «Интер», 2019).
Дастан Сатпаевтың Чемпиондар лигасында гол соғуы — оның үлкен футболдағы болашағына жол ашатын тарихи сәт. Ал бұл гол Қазақстан футболының да халықаралық аренада беделін арттыра түсетіні сөзсіз.