
Владимир Вайсс УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде "Қайраттан" 0:1 есебімен жеңілгеннен кейін баспасөз конференциясына қатысудан бас тартты.
Баспасөз жиынында Вайсстың орнына оның ассистенті Борис Китка тілшілердің сұрақтарына жауап берді. Бұл жағдай словак жанкүйерлерінің назарын аударып отыр.
Ойын соңында Владимир Вайсс кездесуді басқарған бас төреші Сердар Гёзюбююктің шешімдеріне эмоциямен наразылық танытып, нәтижесінде қызыл қағаз алды. Оның ашуын 90-минутта белгіленген пенальти тудырды. Оны "Қайраттың" ойыншысы Дастан Сәтпаев сәтті орындап, кездесудің жалғыз голын соқты.
Қарымта матч Словакия астанасы Братислава қаласында 12 тамыздан 13 тамызға қараған түні өтеді. Бұл ойын екі команда үшін де шешуші болмақ.