
Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов түркиялық "Адана Демирспормен" келісімшартын аяқтап, еркін агент мәртебесіне ие болды. Қазір футболшыны Ирак клубтары өз қатарына қосуды көздеп отыр.
Айта кетейік, түркиялық агенттер Айымбетовтың ресми өкілі Траян Гергишанмен байланысып, келіссөз жүргізіп жатыр. Негізгі нысана – ойыншыны Ирак Премьер-лигасының бір клубына қосу.
Соңғы уақытта Ирак чемпионаты деңгейін көтеру мақсатында шетелдік тәжірибелі ойыншыларды көптеп шақырып жатыр.
Жуырда "Эрбиль" клубы Өзбекстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы Шерзод Темировпен келісім жасасты (2022 жылы ұлттық құрамада 2 матч өткізген).
Ал "Багдад Аманат" командасына өзбек орталық жартылай қорғаушысы Бахтиер Косимов қосылды. Бұл клубта "Валенсия" мен "Галатасарайдың" бұрынғы жұлдызы, "Вест Хэмде" ойнаған алжирлік Софьян Фегули өнер көрсетіп жүр.