
Министрдің сөзінше, Алматы инфрақұрылымы мұндай ауқымды спорттық шараларға толық дайын.
Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов үкімет кулуарында мәлімдеме жасап, алдағы «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы Алматыға мыңдаған турист тартатынын айтты. Министрдің сөзінше, қала инфрақұрылымы мұндай ауқымды спорттық оқиғаларды қабылдауға толық дайын.
«Бұған дейін де мұндай іс-шаралар өткізілді, біздің инфрақұрылым осындай деңгейдегі оқиғаларды қабылдауға дайын екенін көрсетті. Оның үстіне ең мықты команда — «Реал» келеді, әрі УЕФА бойынша өз квоталарымыз бар», – деді Мырзабосынов.
Министрдің болжамынша, матчқа байланысты Алматыға 4-5 мыңға дейін шетелдік жанкүйер келуі мүмкін. Бұл қала туризміне және қонақүй бизнесіне қосымша серпін береді.
Сонымен қатар, Мырзабосынов қазақстандық футболдың даму қарқынына тоқталып, «Қайраттың» жетістіктері тек футболға ғана емес, басқа спорт түрлеріне де жігер сыйлайтынын атап өтті.
Алматыдағы «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы 30 қыркүйекте өтеді. Бұл кездесу – УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі ең қызықты ойындардың бірі болмақ.