
Брюссель әуежайында команда ойыншыларын жергілікті қазақ жанкүйерлері көк тумен, домбыраның қоңыр үнімен ерекше ықыласпен қарсы алып, рух берді.
Қазақ жанкүйерлері әуежайға ұлттық аспаптарын алып келіп, ойыншыларға қолдау көрсетті. Әуенді домбыра үні, көтерілген көк байрақ пен жүрекжарды ұран – барлығы футболшыларға ерекше әсер сыйлады.
Бұл сәт тек ойыншылар үшін ғана емес, шетелде тұратын қандастар үшін де тарихи оқиға болды. Олар ұлттық құрамаға деген махаббатын, елге деген сағынышын осылай жеткізді.
Қазақстан құрамасы 7 қыркүйектен 8 қыркүйекке қараған түні Бельгиямен кездеседі.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы төрт турдан кейін үш ұпаймен төртінші орында, ал Бельгия үш ойында жеті ұпай жинап, топтағы көшбасшылар қатарында тұр.
Еске сала кетсек, 4 қыркүйекте «Астана Аренада» өткен ойында Әли Әлиевтің шәкірттері Уэльске 0:1 есебімен есе жіберіп, жанкүйерлерді қуанта алмады. Енді Бельгиямен өтетін матч – ұлттық құраманың жағдайын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беретін шешуші бәсеке.
Футболшыларды әуежайда қарсы алған домбыра үні – бұл тек әдеттегі қолдау емес, ұлттық рухтың айғағы. Мұндай сәттер ойыншыларға қосымша күш берері сөзсіз.