
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық спорттан бастап кәсіби футболға дейінгі маңызды мәселелерге тоқталды. Президент ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған спорт клубтарының ашылып жатқанын атап өтіп, кәсіби спортты бизнес-индустрия ретінде дамыту қажеттігін қадап айтты.
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған спорт клубтарының ашылып жатқанын атап өтіп, кәсіби спортты бизнес-индустрия ретінде дамыту қажеттігін қадап айтты.
Президенттің сөзінше, соңғы жылдары аймақтарда жаңа спорт нысандары салынып, балаларға арналған үйірмелердің саны артып келеді. Бұл қадам жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына және спортқа қолжетімділіктің кеңеюіне жол ашуда.
Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен егде жастағы адамдар үшін арнайы спорт клубтары ашылып жатыр. Тоқаевтың айтуынша, бұл – әлеуметтік инклюзияны арттыратын, қоғамды біріктіретін маңызды бастама.
Мемлекет басшысы кәсіби спорттағы оң өзгерістерге де тоқталды. Бұған дейін ол шетелден келген спортшыларға бюджет қаржысын шектеу жөнінде тапсырма берген. Бұл бастама Парламент тарапынан қолдау тауып, арнайы заң қабылданды.
«Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек. », – деді Тоқаев.
Президент футболдағы негізгі өзгерістердің бірі ретінде клубтарды жекешелендіруді атады. Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміздің төрт футбол клубын белгілі кәсіпкерлер өз иелігіне алған. Бұл – коммерцияландыру жолындағы алғашқы қадам.
«Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз», – деді Тоқаев.
Президент сондай-ақ, қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн екенін атап өтті.