«Қайрат» – «Реал» матчы: Билет бағасы белгілі болды
Билеттер ресми түрде сатылымға 23 қыркүйек күні шығады.
23 қыркүйек күні сағат 17:00-де «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттері ресми түрде сатылымға шығады. Баға диапазоны – 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ел тарихында алғаш рет «Қайрат» аты аңызға айналған «Реал Мадридпен» өз алаңында ойнайды.
Әлеуметтік және клубтық квоталар
Билеттердің белгілі бір бөлігі дәстүрлі түрде арнайы санаттарға бөлінеді.
- «Қайрат» академиясы мен филиалдарының тәрбиеленушілері мен бапкерлеріне;
- паралимпиадалық спорт түрлерінің өкілдеріне;
- клуб қызметкерлеріне.
Алдын ала сатылым немесе броньдау туралы тарап жатқан хабарламалар шындыққа жанаспайды. Клуб жанкүйерлерді тек ресми арналар арқылы билет алуға шақырады.
Абонемент иегерлеріне жеңілдік
Абонемент иелері өз орындарын тиімді бағада алдын ала сатып ала алады. Әрқайсысына жеке хабарланатын болады.
UEFA-мен келісілген баға саясатына сәйкес, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі барлық матчтарға билеттердің құны бірдей белгіленді: Атап айтқанда, әр билеттің құны 30 000 – 250 000 теңге аралығында болады. Жанкүйерлер оны клубтың ресми сайты мен сату платформаларынан ала алады.
Ескерту
Бір адамға екі билеттен артық берілмейді. ЖСН/паспорт деректері міндетті түрде көрсетіліп, стадионға кірерде мұқият тексеріледі.