
Қазақстандық танымал тележүргізуші әрі журналист Диана Скатова «Қайрат» – «Ақтөбе» кездесуінен кейінгі пікірінен соң үлкен дау тудырды.
Ол Threads әлеуметтік желісінде мынадай жазба қалдырған:
«Ойлансақ, Қазақстанға сыртқы жау керек емес. “Ақтөбенің” лас ойынының өзі жеткілікті».
Бұл сөздер бірден ақтөбелік жанкүйерлердің ашу-ызасын туғызды.
«Ақтөбе» фанаттары журналистің үстінен пікірлерін қарша боратып, оның «шектен шыққанын» айтып, мұндай мәлімдемелерге жол бермеуі тиіс екенін жеткізді. Қатты сыннан кейін Скатова жазбасын өшіргенімен жанжалдың алдын алу мүмкін болмады.
Айта кетейік, дау тудырған эмоциялық реакция 14 қыркүйекте өткен «Қайрат» – «Ақтөбе» (1:0) ойынына байланысты. Кездесу барысында алматылықтардың қосалқы қақпашысы Темірлан Анарбеков 13-минутта қарсыласпен қақтығысып, ауыр жарақат алды. Соның салдарынан қақпашы шебін қазір небәрі 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғауға мәжбүр.