
«Қайрат» – «Реал» матчының билеттерін сатып алу жанкүйерлер үшін үлкен проблемаға айналды. Мыңдаған адам жүйеде сағаттап кезек күткенімен көпшілігі қалаған орындарына қол жеткізе алмады.
Қазақстандық жанкүйерлер алдағы «Қайрат» – «Реал» матчының билеттерін сатып алу кезінде үлкен қиындықтарға тап болды. Көпшілік бірнеше сағат бойы кезекте тұрғанымен жүйедегі ақаулар кесірінен қалаған орындарын рәсімдей алмай қалғанын айтып шағымдануда. Бұл туралы ZTB NEWS хабарлады.
Кейбір жанкүйерлердің айтуынша, олар сағаттап кезекте отырған. Бір қолданушы өзінің тәжірибесін бөлісіп:
«Екі сағатымды билеттерге арнадым. Бастапқыда 1874-нөмірлі кезекте тұрдым. Ақыры кезегім келді, бос орындар көп болды. Қуанышпен таңдап, төлемге өткенімде, жүйе “Бұл билеттер сатылып кетті” деген хабарлама шығарып, мені қайтадан кезектің соңына лақтырып жіберді», – деп жазды.
Тағы бір жанкүйер матч билеттерін сатып алу үшін қолданбаны іске қосып, кезегін күткен. Алайда жүйе істемей қалып, қайта кірген кезде ол өзін 54 мыңыншы орыннан тапқан.
Әлеуметтік желілерде көпшілік билеттердің сатыла бастағанға дейін-ақ «жабық жолмен өтіп кеткеніне» күмән келтіруде.
«Өте өкінішті, бізді әдейі мазақ еткендей әсер қалдырды. Сатылым басталғанға дейін-ақ билеттерді алып қойған сияқты», – деп жазды қазақстандық жанкүйер.
«Қайрат» – «Реал» матчы жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырғанымен билет сату жүйесіндегі ақаулар мен ұзақ кезек көптеген жанкүйердің көңілін қалдырды. Бұл жағдай ұйымдастырушылардың жұмысына қатысты сұрақтар туғызып отыр.