
Испаниялық AS.com басылымы УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі «Қайрат» пен мадридтік «Реалдың» арасындағы кездесуге байланысты билет сату кезіндегі қиындықтарды атап өтті. Ойын Алматының Орталық стадионында 30 қыркүйекте өтеді.
Материалда айтылғандай, сейсенбі күні басталған билет сатылымы Қазақстан футболындағы тарихи оқиғаға деген орасан зор қызығушылық туғызды.
“Кеше, сейсенбі күні «Қайраттың» Хаби Алонсо жаттықтыратын командаға қарсы матчының билеттері сатыла бастады, және ел тарихындағы алғашқы үлкен Чемпиондар Лигасы кездесуіне деген қызығушылық нағыз хаос тудырды. Ұлттық «Қазинформ» агенттігінің дерегі бойына, шамамен 80 мың жанкүйер қымбат билетті иемдену үшін онлайн-порталдарда кезекке тұрған. Серверлер мұндай сұранысқа шыдас бермей, сату сайттары бірнеше рет «құлап» қалған. Алматы клубының жанкүйерлерінің әлеуметтік желілердегі шағымдары әлі де толастамай тұр. Өтінімдердің саны Алматының 23 мың көрерменге арналған “Орталық” стадионының сыйымдылығынан үш есе көп болды.”
“Бұл – «Қайрат» жанкүйерлеріне тап болатын жалғыз қолайсыздық емес. Сатылымға түскен билеттердің бағасы ең арзаны 30 000 теңгеден, ең қымбаты 250 000 теңгеге дейін жетеді. Яғни 46,75 еуродан 400 еуроға дейін. Еуропалық ел үшін мұндай баға тым жоғары болып көрінеді, әсіресе түрлі деректерге сүйенсек, Қазақстандағы ең төменгі айлық жалақы шамамен 155 еуроны құрайтынын ескерсек. Алайда мұндай баға саясаты турнир талаптарына және Чемпиондар Лигасы матчтарын өткізудің халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді”, — деп жазылған материалда.
Естеріңізге салайық, “Қайрат” мадридтік “Реалды” өз алаңында 30 қыркүйек күні қабылдайды. Матч басталу уақыты 21:45 те. Тағы “Реалдан” бөлек “Қайрат” Чемпиондар Лигасының жалпы кезеңінде алты ұжыммен кездеседі: “Брюгге” (Бельгия), “Олимпиакос” (Грекия), “Арсенал” (Англия), “Интер” (Италия), “Копенгаген” (Дания) және “Пафос” (Кипр).
Бірінші ойынды алматылық ұжым сырт алаңда португалиялық “Спортингпен” өткізген болатын.