«Реал» мадридтік дербиде күтпеген жерден ірі жеңіліске ұшырады. «Метрополитано» стадионындағы матчта «Атлетико» қарсыласын ойсырата жеңіп, жанкүйерлерін қуантты.
Ойын өте нәтижелі өтті. «Атлетико» сапынан 14-минутта Робен Ле Норман баспен соққы жасап есеп ашты. 25-минутта «Реал» форварды Киллиан Мбаппе таразы басын теңестірді. Ал 36-минутта Хаби Алонсоның шәкірттері алға шықты. Түрік Арда Гюлер мергендік танытты. Бірақ бірінші таймға қосылған уақытта Александер Серлот нәтижені 2:2 етті.
50-минутта «Атлетико» шабуылшысы Хулиан Альварес пенальтиден алаң иелерінің үшінші голын соқса, 64-минутта айып добын асқан шеберлікпен орындады.
Қосымша уақытта 90+4-минутта Антуан Гризманн таблода 5:2 есебін тіркеді.
Бұл нәтиже «Реал» үшін Испания чемпионатындағы жаңа маусымдағы алғашқы жеңіліс болып тіркелді. Бұған дейін «корольдік клуб» жеңіс жолында келе жатқан еді.
Енді мадридтіктер Қазақстанға жол тартады. 30 қыркүйек күні «Реал» Алматыда «Қайратқа» қарсы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турында алаңға шығады.